Баланы балабақшаға беру немесе бермеу жағдайы жанұяның барлық мүшелерінің эмоциялық күйіне, жанұяның маңызды мәселелеріне байланысты. Қазіргі уақытта көпшілік ата-ананы “Бала үшін балабақша қажет пе?” – деген сұрақ толғандырады. «Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленген бала мектепке тез бейімделеді, әлеуметтік қатынасқа жақсы түседі, құрдастарымен қарым-қатынаста тәжірибе жинақтайды» – деген түсінік қалыптасқан.
Баланың балабақшаға қиын бейімделу себептері:
– Дәретке өзі отырып үйренбегендіктен;
– Кейбір тағамдарды жеу дағдысы жоқ, мысалы: қызылша, орамжапырақ, картоп;
– Балабақшаға келген алғашқы күндері 2 сағатқа қалу керек. Көбінесе ата-аналар жұмыс тәртібін айтып, баланы күні бойы балабақшада қалдырады. Осының нәтижесінде күрделі және созылмалы мәселелер пайда болады.
Әр отбасында бейімделудің үш түрі бар.
– Жеңіл түрі – баланың мінез-құлығы 10-15 күнде қалпына келеді;
– Орташа ауырлық бейімделу -1 айдың ішінде;
– Ауыр бейімделу – 2 айдан 6 айға дейін. Бала үшін өзінің отбасында өзін ұстау ережелері қалыптасып қалған. Балабақшаға келген күннен бастап үйреншікті өмір сүру ортасы өзгереді.
Бұл неден көрініс табады?
– Баланың эмоционалды жағдайы, ұйқысы, тәбеті нашарлайды;
– дене қызуы көтерілуі мүмкін;
– бала бойында қалыптасып қалған жақсы қасиеттерінің жоғалуы мүмкін;
– иммунитеттің төмендеуі, салмағының азаюы мүмкін. Бала ортаға бейімделгеннен кейін эмоционалды жағдайы қалпына келеді.
Қобалжулары қатты ата-аналардың балалары да балабақшаға қиын бейімделеді, өйткені ата-анасының қобалжуын көріп, баланың қорқынышы ұлғая бастайды. Осы кезде ата-аналар балаға көмек беруі керек.
Психологтің кеңесі:
– Баланы балабақшаға апармас бұрын, оның өзге балалармен көбірек араласуына мән беріңіз. Балалар саябағына, ойын алаңдарына жиі ертіп барып тұрғаныңыз абзал. Құмда ойнауға, әткеншекте ұшуға үйретіңіз;
– Балаңыз баратын топтың тәрбиешісімен алдын ала танысып алыңыз. Баланың бойындағы жеке ерекшеліктерінен хабардар етіңіз;
– Балабақшаның тамақтану ас мәзірімен танысып, баланың үйдегі тамақтануына балабақшада ішетін тамақтар түрін қосыңыз;
– Баланың үйдегі жағдайда өзіне-өзі қызмет етудің алғы шарттарына үйрете беріңіз: жуыну, қолын сүрту, шешіну, өз бетімен тамақтану, дәретке сұрану т.б;
– Баланы ауладағы өзімен құрдас балалармен көбірек ойнатыңыз, жолдастарына қонаққа барсын, әжесінде қонуға қалсын.
– Баламен жағымды эмоционалдық жағдайлар жасау қажет, ол көбіне ата-ана жағынан болуы қажет. Балабақша туралы, оның өзіне керектігін түсіндіріп, балаңызды сүйіп, аймалап, жиі оған өз мейріміңізді көрсетіңіз.
– Бірінші күні балабақшаға серуенге келген дұрыс: тәрбиешімен танысып, жаңа достар табу үшін.
– Бейімделу кезінде үйде демалыс күндері баламен көп шұғылдану керек.
– Балабақшаға бала тек ауырмай келуі қажет.